Қызылордада "Мектепке жол" акциясы аясында сотталғандардың балаларына көмек көрсетілді
Қызылордада "Мектепке жол" акциясы аясында сотталғандардың балаларына көмек көрсетілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық пробация қызметі "Жігер" қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, жаңа оқу жылы қарсаңында "Мектепке жол" акциясын өткізді. Шара барысында есепте тұрған сотталғандардың балаларына 10 мектеп сөмкесі мен толыққанды оқу құрал-жабдықтары табысталды.
Акцияның басты мақсаты – әлеуметтік тұрғыдан қолдауға мұқтаж отбасыларға көмек көрсету және балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау.
Қазіргі таңда Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебінде 500-ден астам сотталған бар. Осындай шаралар олардың отбасыларына әлеуметтік демеу көрсетіп қана қоймай, қоғамға бейімделу процесіне де оң ықпал етеді.
Пробация есебінде тұрған азамат өз алғысын білдірді:
- Балам биыл 3-сыныпқа барады. Мектепке дайындау біз үшін біраз қиындық тудырып еді. Бүгінгі көмек көңілімізді көтеріп, үлкен қуаныш сыйлады. Балам да қатты риза болды. Барлық қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс айтамын, – деді ол.
Пробация қызметі бастығының орынбасары Гүлнұр Байсариева да бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті:
- Біздің негізгі міндетіміз – есептегі тұлғалардың қоғамға бейімделуіне ықпал ету. Бұл тек құқықтық бақылаумен шектелмейді, әлеуметтік қолдауды да қажет етеді. Бүгінгі акция – соның айқын дәлелі. Алдағы уақытта да қоғамдық ұйымдармен бірлесіп осындай шараларды тұрақты өткізу жоспарда бар, – деді ол.
Бұл игі іс-шара сотталғандардың балаларына ғана емес, олардың отбасыларына да қолдау көрсетіп, қоғамға қайта бейімделуіне септігін тигізбек.