Қызылордада мінсіз қызметімен ерекшеленген полицейге медаль табысталды
Қызылорда облысында Республика күні қарсаңында қызметте ерекше көзге түскен полицейлер көтермеленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының алаңында жеке құрамның қатысуымен қысқы киім үлгісіне ауысу рәсіміне арналған саптық байқау және гарнизондық жиын өтті.
Гарнизондық жиынды полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ермахан Абдраманов өткізді.
Саптық шеру саптық дағдыны жетілдіру, саптық командаларды орындау кезіндегі реттілікті, сондай-ақ қатардағы және басшы құрамның нысандық киім үлгісін қатаң ұстануын қамтамасыз ету мақсатында өткізілді. Департамент бастығының бірінші орынбасары қызметкерлердің сыртқы түр-сипатын, үлгілік киімін, қызметтік куәліктерінің, айырым белгілерінің талаптарға сай болуын, автокөлік пен байланыс құралдарының техникалық жай-күйін тексерді.
Қоғамдық тәртіпті сақтауға кірісетін полиция қызметкерлеріне облыстағы жедел жағдайдың жай-күйі туралы жеткізіліп, бағдарлар таныстырылды. Саптық бөлімшелердің командирлеріне тапсырма берілді.
Бүгінгі жиын барысында 25 қазан Республика күні қарсаңында 9 жас қызметкер ішкі істер органдарының ардагерлері мен жеке құрамның алдында ант қабылдады. Олар Ішкі істер органдарына адал болуға, барлық міндетті орындауға, әскери тәртіпті бұзбай, заңдылықтарды сақтауға уәде берді.
Е.Абдраманов жаңадан ант қабылдаған қызметкерлерге алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, Отанға адал қызмет ету керектігін атап өтті.
– Өмірлеріңізде маңызды қадам жасап, қоғамға қызмет етуге ант қабылдау сәтінің еліміздегі бас мерекелердің бірі – Республика күні қарсаңында өтіп жатқаны кездейсоқ емес. Осынау айтулы күн – қазақ тарихы үшін маңызы зор мейрам. Елдік пен егемендікті, мемлекет тұтастығы мен патриотизмді дәріптейтін ұлы мереке. Қабылдаған анттарыңызға адал болып, өздеріңізге жүктелген жүгі ауыр, жауапкершілігі мол қызметті абыроймен атқарып, қазақстандық полицей атағын абыроймен алып жүруді мақсат ететіндеріңізге сенімдімін, – деді Е. Абдраманов.
Қызметінде ерекшеленген 150-ден астам үздік полицейге марапаттарды бүгін гарнизондық саптық жиында Е.Абдраманов табыс етіп, тәртіп сақшыларына қызметтері үшін алғысын білдірді. Салтанатты іс-шарадағы марапаттау рәсімі жас тәртіп сақшыларына шабыт бере түсті.
Мінсіз қызметі үшін «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен Қызылорда қаласы полиция басқармасының қызмет аға инспекторы Асхат Жансейтов, Қазақстан Республикасы ІІМ грамотасымен ақпараттандыру және байланыс басқармасы бастығының орынбасары Сырым Досанов марапатталса, мерзімінен бұрын полиция подполковнигі арнаулы атағын криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Нұртілек Ермаханов, штаттық лауазымы бойынша көзделген атақтан бір саты жоғары полиция подполковнигі арнаулы атағы Қызылорда қаласы полиция басқармасының аға инспектор-кезекшісі Жасұлан Төлегеновке және Қызылорда қаласының полиция басқармасы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы Саламат Жүсіпбековке берілді.
Сондай-ақ шара барысында ұзақ жылдар бойы iшкi iстер органдарында қызмет етiп, құрметті еңбек демалысына шыққан ардагерлер қауымына да департамент бастығының алғыс хаттары табыс етілді.
Іс-шара соңында полиция қызметкерлері оркестрдің үнімен салтанатты маршпен жүріп өтіп, сыр өңірінің қоғамдық тәртібін қорғауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кірісті.