Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада нашақорлыққа қарсы акция өтті

26 маусым — Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай Қызылорда облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы есірткіге қарсы бағытталған кең ауқымды акция ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Акцияға облыстағы білім беру ұйымдары белсене атсалысты. Шерулер Қазалы, Қармақшы, Жалағаш және Жаңақорған аудандарының білім бөлімдерімен бірлесіп өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты — балалар, жасөспірімдер және жастар арасында психоактивті заттарды қолдануға деген теріс көзқарас қалыптастыру, салауатты әрі қауіпсіз өмір салтын дәріптеу, сондай-ақ есірткіден саналы түрде бас тартуға тәрбиелеу болды.

Шеруге қатысушылар "Есірткіге жол жоқ!" деген ұран жазылған транспаранттармен сап түзеп, колонна болып жүріп өтті. Шеруден кейін митинг ұйымдастырылып, оған жалғасқан мәдени бағдарламалар аясында есірткіге қарсы тақырыптағы сайыстардың жеңімпаздары өз өнерлерін паш етті. Көпшілік назарына спорттық көрсетілімдер, би қойылымдары, шешендік сөздер, сурет көрмелері, рэп әндер мен сахналық көріністер ұсынылды.

Аталған акция қоғам назарын өзекті мәселеге аудартып, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға оң ықпалын тигізді. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, кеңінен жүзеге асырылатын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру