Қызылордада облыстық әкімдік пен ПД жаңа оқу жылына дайындықты пысықтады
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Шахмардан Баймановтың төрағалығымен жаңа оқу жылына дайындық мәселелері бойынша мәжіліс өтті. Жиынға тиісті сала басшыларымен қатар Қызылорда облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Ердаулет Жаукеев қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мәжілістің күн тәртібінде оқу жылына дайындық барысы пысықталып, тиісті тапсырмалар берілді. Полиция департаменті білім басқармасымен бірлесіп, қауіпсіздік талаптары мен бейнебақылау камераларының жай-күйі және оның жедел әрекет ету орталығына қосылуына қатысты мәселелерді қайта пысықтауда.
– Балалардың құқығын қорғау, олардың қауіпсіздігін сақтау, алаңсыз білім алуларына бәріміз жауаптымыз. Бұл ретте, әсіресе, ата-аналардың қосар үлесі мен жауапкершілігі айрықша, – деді Е.Жаукеев.
Сонымен қатар жиында балардың қауіпсіздігін сақтау, төтенше жағдайлардан қорғау, профилактикалық іс-шараларды сапалы атқару керектігі айтылды. Білім ұяларының қауіпсіздік деңгейін арттыру мәселесі де талқыланды. Облыста бейнебақылау жүйелерін полиция департаментінің жедел басқару орталығына толығымен қосу, сонымен қатар орта білім беру мекемелеріне полиция департаментінің жедел басқару орталығына шығатын дабыл батырмаларын орнатуды және мектеп аумағында құқықтық тәртіпті сақтау мақсатында жеке күзет агенттіктерін тарту мен турникеттер орнату мәселелері де қарастырылды.
Оқушылардың құқығын қорғау, оларды жан-жақты дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады.