Қызылордада пәтер ұрлығымен айналысқан 22 жастағы жігіт ұсталды
Қызылордалық полицейлер бірнеше пәтер ұрлығына қатысы бар деген күдікпен 22 жастағы қала тұрғынын қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
22 жастағы жұмыссыз қызылордалық қала аумағында орналасқан жеті үйді тонаған. Ол үй иелерінің жұмыста болғанын пайдаланып, қымбат үлгідегі IPhone телефондарын, велосипед, алтын бұйымдарды, тұрмыстық техникаларды және үй иелеріне тиесілі ақшаларды қолды еткен. Ақыры ақшаны жұмсап, ұрлаған дүниелерді сатып, алтындарды ломбардқа өткізген.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері бұл мақсатта жедел-іздестіру шараларын жүргізді.
Нәтижесінде, “ізін суытпай” 22 жастағы қала тұрғыны күдікті ретінде тәртіп сақшыларының қолына түсіп, уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.
Әккі пәтер ұрысы кінәсін толық мойындады. Оның айтуынша, үйлерге ұрлыққа түспес бұрын толықтай үй иелері бар ма, жоқ па деп барлау жұмыстарын жүргізген. Әр үйге әртүрлі жолдармен кірген. Біреуіне пластик терезені күштеп ашса, біреуіне ашық тұрған пәтер, үй есіктеріне жасырын түрде кірген.
Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігінің 3-тармағы (Ұрлық, тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Мұндай әдіспен жасалған ұрлық үшін күдікті 3-7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Полиция қызметкерлері күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеруде. Бұдан бөлек, күдіктінің сыбайластары бар-жоғы анықталып жатыр.