Қызылордада ПД бастығы ПИК өкілдерімен кездесті
Қызылордада полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесуге Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшылығы және үш меншік иелері бірлестігінің өкілдері шақырылды. Жиында ішкі істер органдарымен өзара іс-қимыл, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Полиция департаментінің бастығы облыс орталығындағы өзекті мәселелермен танысып, учаскелік полиция инспекторларының атқарған жұмыстарын бағамдады. Сондай-ақ қауіпсіздікті жақсарту және қылмыстың алдын алу бойынша ұсыныстар тыңдалды.
ПИК төрағалары облыстың бас полицейіне тікелей сұрақтарын қойып, өзекті мәселелерін ортаға салды. Серік Ергешов өңірдегі криминогендік жағдайдың тұрақты екенін атап өтті.
– Бұл кездесу полицияның жұртшылықпен өзара іс-қимылын нығайту мақсатында ұйымдастырылды. Полиция мен ПИК арасындағы тығыз байланыс қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Халықпен кері байланыс орнату арқылы құқық бұзушылықтың алдын алып, профилактикалық жұмыстарды тиімді жүргізуге болады. Қазіргі таңда қабылданған алдын алу шараларының нәтижесінде қоғамдық орындар мен көшелердегі қылмыс саны азайды. Учаскелік инспекторлар өз аумақтарындағы тұрғындармен тұрақты байланыста болып, тәулік бойы қызмет атқарады. Олар тұрғындардың шағымдарына жедел жауап беріп, құқықтық тәртіпті сақтауға барынша күш салады. Сондықтан ПИК өкілдерінен WhatsApp мессенджеріндегі үйлердің топтарына учаскелік инспекторлардың нөмірін қосуды сұраймын. Бұл тұрғындарға қандай да бір құқық бұзушылық орын алған жағдайда инспекторға тікелей хабарласуға мүмкіндік береді, – деді департамент бастығы.
Кездесу барысында ПИК өкілдері бейнебақылау камераларын орнату, абаттандыру және жол белгілеріне қатысты мәселелерді көтерді. Сондай-ақ халықпен тығыз жұмыс істейтін учаскелік инспекторлардың құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидасын енгізу бағытындағы еңбегіне алғыс білдірді. Полиция қызметкерлері мен ПИК өкілдерінің өзара ықпалдастығы нәтижесінде бірнеше құқық бұзушылықтың жолы кесілгені де айтылды.
Полиция департаментінің бастығы ПИК өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып, тиісті қызметтерге алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.
Бүгінде өңірде қоғамдық тәртіпті 293 учаскелік полиция инспекторы және олардың 38 көмекшісі қадағалайды. Олар күнделікті өздеріне бекітілген әкімшілік аумақтарды аралап, жалға берілетін пәтерлерді анықтайды, азаматтығы жоқ адамдардың тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеуін тексереді, сондай-ақ азаматтық қару иелерінің қару-жарақты сақтау талаптарының орындалуын бақылап отырады.
Учаскелік инспекторлар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, 24/7 режимінде жұмыс істейді. Олардың басты міндеті – халық тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау. Олар әрдайым азаматтарға көмек көрсетуге дайын.