Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада ПД бастығын құрметті зейнет демалысына шығарып салды

Қызылордада ПД бастығын құрметті зейнет демалысына шығарып салды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимовты құрметті зейнетке шығарып салу рәсімі А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өтті. Қызмет жолын қатардағы инспектордан бастап, генерал шеніне дейін көтерілген Махсудхан Нұғманұлының өмір жолы әріптестері мен жас буын үшін үлгі-өнеге ретінде айтылды.

Салтанатты шарада сахна төріне шақырылған генералды жиналғандар ұзақ қол шапалақтап қарсы алды. Көгілдір экраннан оның еңбек жолындағы елеулі сәттері бейнеленген фотосуреттер көрсетіліп, жетістіктері туралы баяндалды. Жас ұрпаққа саналы тәрбие беру, жаңашылдыққа жол бастау, адамгершілік пен адалдықты дәріптеу – Махсудхан Аблазимовтың өмірлік ұстанымы мен қызметтік жолының негізгі қағидалары.

Полиция саласындағы 43 жылға созылған мінсіз қызметі оның қажырлы еңбегі мен қайсар мінезінің айқын дәлелі. 1981 жылы ішкі істер органдарына қарапайым инспектор болып келген ол өз ісіне деген адалдығы мен біліктілігінің арқасында полиция генерал-майоры шеніне дейін көтерілді. Бұл – тек еңбекқорлық пен жауапкершіліктің ғана емес, халық сенімін ақтаудың үлкен нәтижесі.

1992 жылдан бері Махсудхан Нұғманұлы әртүрлі басшылық қызметтерде болды. Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының полиция департаменттерін басқарды. Оның еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, ІІ дәрежелі «Даңқ» ордені, ҚР ІІМ «Құрметті қызметкері» төсбелгісі және бірнеше мәрте «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталды.

Салтанатты шарада Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Ермахан  Абдраманов сөз сөйледі.

– Сіз антыңызға адал, еліңізге ер тұлға ретінде танылдыңыз. Кейінгі жас буынға үлгі болдыңыз. Мерейлі күні Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, мол береке тілейміз – деп ізгі тілегін білдіріп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.

Махсудхан Аблазимов әріптестеріне және қарамағындағы қызметкерлерге деген талапшылдығымен, адамгершілігімен танылған әділ басшы. Еңбексүйгіштігі мен жауапкершілігі – жас буынға өнеге. Өзінің алғыс сөзінде ол әріптестері мен жас қызметкерлерге сенім артып, ел алдындағы міндетті абыроймен атқаруды тіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру