Қызылордада полицейлер арасында қоян-қолтық ұрыстан іріктеу жарысы өтті
Қызылордада полицейлер арасында қоян-қолтық ұрыстан іріктеу жарысы өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Спорт күніне орай Қызылорда облысы полиция департаментінің қызметкерлері арасында қоян-қолтық ұрыстан іріктеу жарысы өтті. Бұл шара Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен “Динамо” дене шынықтыру спорт қоғамының 2025 жылға арналған күнтізбелік жоспарына сәйкес, 22–24 тамыз аралығында Атырау қаласында өтетін ІІМ чемпионатына дайындық аясында ұйымдастырылды.
Жарыстың басты мақсаты – ішкі істер органдары қызметкерлерінің дене дайындығын жетілдіру, спорттық қабілетін шыңдау және салауатты өмір салтын насихаттау. Сонымен қатар республика чемпионатында облыс намысын қорғайтын мықты спортшыларды іріктеу.
Іріктеу сайысы 9 салмақ дәрежесі бойынша өтті. Полицейлер өздерінің кәсіби шеберлігін, төзімділігі мен дайындық деңгейін көрсете білді. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар арасында достық пен жарыс рухы сезілді.
Жеңімпаз атанған қызметкерлер енді Атырауда өтетін республикалық чемпионатта Қызылорда облысының намысын қорғайтын болады.