Қызылордада полицейлер ардагер әріптестерін салтанатты түрде зейнетке шығарып салды
Қызылорда полицейлері ардагер әріптестерін салтанатты түрде зейнетке шығарып салды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы полиция департаментінде ерекше құрметке толы жиын өтті. Ішкі істер органдарындағы адал еңбегімен танылған полиция полковнигі Алтынбек Ахметов мен полиция полковнигі Әміржан Өтегенов салтанатты түрде құрметті демалысқа шықты.
Салтанатты шараға Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Ермахан Абдраманов, департаменттің орынбасарлары, басқарма басшылары, облыстық полиция ардагерлері және өзге де мемлекеттік органдардың басшылары қатысып, жылы лебіздерін білдірді.
1986-1988 жылдары Кеңес әскерінде азаматтық борышын өтеген Алтынбек Меңлібайұлы Ауған соғысының қатысушысы ретінде тарих беттерінде қалған қиын кезеңдерді бастан өткерді. Құқық қорғау саласындағы еңбек жолын 1991 жылы Қармақшы ауданының ішкі істер бөлімінде милиционер болып бастады. Кейіннен жол-патрульдік, анықтау және әкімшілік салаларында қатардағы инспектордан Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Соңғы төрт жылда Байқоңыр қаласындағы ІІМ Өкілдігінің бастығы қызметін атқарып, 33 жылдан астам адал қызметімен ел есінде қалды.
Кадр офицері Әміржан Өтегенов 1994-1998 жылдары ІІМ Алматы заң институтында білім алып, ішкі істер саласындағы кәсіби жолын бастады. Ұзақ жылдар бойы тергеу және анықтау қызметінде жұмыс істеп, Қармақшы, Жалағаш, Арал аудандық полиция бөлімдеріне басшылық етті. Сондай-ақ Қызылорда училищесі мен департаменттің штаб және анықтау басқармаларының басшысы болды. Соңғы екі жылда Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымында қызмет атқарып, өз ісіне адалдық танытты.
Шара соңында Ермахан Абдраманов әріптестеріне ішкі істер саласындағы елеулі еңбектері үшін алғыс білдіріп, оларға мықты денсаулық, отбасылық береке және алдағы өмірлерінде жаңа жетістіктер тіледі.
Бұл екі ардагердің қызметі – құқық қорғау саласындағы адалдық пен табандылықтың жарқын үлгісі.