Қызылордада полицейлер бір тәулікте мал ұрлығының үш дерегін ашты
Қызылордада полицейлер бір тәулікте мал ұрлығының үш дерегін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысында “Мал ұрысы’ жедел-профилактикалық іс-шарасы қарқынды жүргізілуде. Бұл шараның басты мақсаты – мал ұрлығының алдын алу, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу және бұрын орын алған қылмыстарды ашу.
Іс-шараның алғашқы күнінің өзінде бұрын жасалған үш мал ұрлығы анықталып, шешімін тапты. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жануарларын құжатсыз тасымалдаудың жеті дерегі, жайылым қағидаларын бұзудың он екі дерегі және ішкі істер органдарында тіркелмеген қару сақтаудың бір дерегі тіркелді.
– Полиция мал ұрлығына қарсы профилактикалық жұмыстарды күшейтті. Қызметкерлер тексеріс шараларымен қатар, бақташылармен арнайы кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Оларға мал ұрлығының салдары мен қолданылатын жазалар жайлы айтып, арнайы ережелер жазылған жадынамаларды тараттық. Сонымен бірге, жайылымда малды мұқият қадағалау қажеттігін және қандай да бір оқыс оқиға орын алса, дереу “102” нөміріне хабарласу керектігін түсіндірдік, – деді Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Тоқтыбаев.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыста мал ұрлығының тіркелуі өткен жылмен салыстырғанда 49%-ға төмендеп, қылмыстарды ашу көрсеткіші айтарлықтай жақсарған.
Сонымен қатар жедел іс-шара барысында ұрланған малдың тасымалдануына тосқауыл қою мақсатында облыс аумағында блок-бекеттер орнатылды. Тәулік бойы кезекшілік атқаратын полицейлер мал тасымалының заңдылығын мұқият тексеріп, қылмыстың алдын алуға барынша күш салып жатыр.
Қызылорда облысында мал ұрлығына қарсы күшейтілген рейдтік жұмыстар жалғасын табуда.