Қызылордада полицейлер кальян шегудің 9 дерегін анықтады
Қызылордада “Учаске” жедел алдын алу іс-шарасы барысында полицейлер кальян шегудің 9 дерегін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс көлемінде “Учаске” жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Іс-шараны өткізу барысында учаскелік полиция қызметкерлері темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салуды бұзудың 9 фактісін анықтады.
Мысалы, түнгі уақытта қала орталығында орналасқан дәмханалардың бірінде кальян шегіп отырған кәмелетке толмағандар анықталып, олардың заңды өкілдеріне хаттама ресімделіп, профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген кәсіпкер де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция департаментінің қызметкерлері қоғамдық орындарда шегуге тыйым салынған кальян, темекі және темекі өнімдерін тұтынатын адамдарды анықтау мақсатында күн сайын түнгі уақытта ойын-сауық орындарында рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатыр.
Жыл басынан темекі өнімдерін, электрондық тұтыну жүйелерін және кальян қоспаларын тұтынуға тыйым салуды бұзғаны үшін 100-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады.