Қызылордада полицейлер капстекингтен жарыс ұйымдастырды
Қызылордада полицейлер капстекингтен жарыс ұйымдастырды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
“26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күнін” мерекелеуге орай және өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді пайдалануға баулу мақсатында Қызылорда облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен капстекингтен жарыс өтті.
Капстекинг немесе спидстекинг - ептілікті және қозғалысты үйлестіруді талап ететін қызықты және өте әсерлі спорт түрі. Осы спорт түрімен айналысатын спортшы алдымен пластикалық шыныаяқтардан импровизацияланған пирамиданың қандай да бір түрін құрастыруы керек, содан кейін қысқа уақыт ішінде барлық шыныаяқтарды қосу керек.
Шыныаяқтарды жинау жарысы үш комбинациядан тұрды: 3-3-3, 3-6-3 және 10, мұнда стақандар пирамидаларға белгіленген санға сәйкес жиналады. Барлық үш комбинацияны ең аз уақыт ішінде жинаған жеңімпаз атанады.
Бұл жарыс өңірімізде алғаш рет өткізілсе де балалар жақсы дайындалып, өз мүмкіндіктерін көрсете білді. Үздік атанғандар: Шиелі ауданы N50 орта мектептің оқушысы Якубжан Қазбек, Қазалы ауданының N204 және 226 орта мектептерінің оқушылары Аймағамбетова Аяжан мен Жарылқасын Нұрай.