Қызылордада полицейлер мен ардагерлер спорттық сайыс ұйымдастырды
Қызылордада полицейлер мен ардагерлер бірегей мәдени дәстүрлерді паш ету мақсатында спорттық сайыс ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы полиция департаментінде департамент қызметкерлері мен ардагерлері арасында әскери-қолданбалы және ұлттық спорт түрлерінен "ІІО қызметкері мен зейнеткері" атты кешенді жарыс өтті. Жарыстың ашылу салтанатына Қызылорда облысы полиция департаментінің басшылығы, ардагерлер мен қатысушы командалар қатысты.
Полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов ашылу салтанатында сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тіледі.
- Спортты дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Спорт – салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізі. Бүгінде біздің қызметкерлер үшін спортты дамытып, салауатты өмір салтын ұстану үшін барлық жағдай жасалып отыр. Өздеріңіз білетіндей, мұндай жарыстар қызметкерлер арасында спортты дамыту, даңқты дәстүрлерді нығайту, ойыншылар арасында құрметті қарым-қатынас орнату үшін маңызды. Қатысушы барша командаға нәтижелі де тартысты ойын, жүлделі де жарқын жеңіс тілеймін, - деді С.Ергешов.
Қызметкерлер мен ардагерлердің біріккен командаларын құру арқылы ұрпақтар сабақтастығын насихаттау, байланысын нығайту, әскери-қолданбалы және ұлттық спорт түрлерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған сайысқа 8 құрама командасы қатысты.
Турникте тартылу, ләңгі тебу, арқан тарту, қызметтік қарудан ату және шағын футболдан өтетін сайыстардың ерекшелігі - команданың жартысы саптағы қызметкерлерден, қалған жартысы ішкі істер органдарының ардагерлерінен тұрады.
Сайыс командалық және жекелей сында өтті. Жарыс аяқталғаннан кейін командалар арасындағы орындар келесідей бөлінді: 1-орынды Жігер командасы жеңіп алса, 2-орынды Қайсар командасы иеленді, ал 3-орын Барыс командасына бұйырды.
Жарысқа қатысушылар мен жүлдегерлер департамент бастығының дипломымен, кубоктармен, медальдармен марапатталды.