Қызылордада полицейлер мен кәсіпкерлер ойын-сауық орындарының қауіпсіздігін талқылады
Қызылордада полицейлер мен кәсіпкерлер ойын-сауық орындарының қауіпсіздігін талқылады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Тоқтыбаев төрағалығымен кеңес өтті. Оған қалалық полиция басқармасы, жергілікті полиция қызметі басқармасы, криминалдық полиция басқармасы және қала кәсіпкерлері қатысты.
Жиында кафе, клуб, түнгі ойын-сауық орындарында орын алатын құқық бұзушылықтар мен жасөспірімдер арасындағы тәртіпсіздіктердің алдын алу мәселесі қаралды. Полицейлер түнгі клубтар мен барлардың иелерін, сондай-ақ күзет ұйымдарын тығыз ынтымақтастыққа шақырып, қауіпсіздік шараларын күшейтуді ұсынды.
— Ғимараттарға суық және атыс қаруларын алып кірудің алдын алу үшін күзет қызметкерлерін металл іздегіштермен жабдықтау міндетті. Сонымен қатар мекеме ішіне және сыртқы аумағына бейнебақылау камераларын қосымша орнату қажет, – деді Серік Әбдімәуленұлы.
Сондай-ақ ойын-сауық орындарының жұмыс уақытын қолданыстағы заң талаптарына сәйкестендіру қажеттігі айтылды. Кәмелетке толмағандардың түнгі клубтарда болуы – заң бұзушылық болып табылады және бұл үшін жауапкершілік көзделгені ескертілді.
Жиын барысында қылмыстық әрекеттерге бірлесіп қарсы тұру үшін бірыңғай іс-қимыл алгоритмін әзірлеу ұсынылды. Полиция тарапынан бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.