Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада полицейлер оқушыларға кезекті қауіпсіздік сабағын өткізді

Қызылордада полицейлер оқушыларға кезекті қауіпсіздік сабағын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Балалардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шаралар жалғасуда. Осы мақсатта Қызылорда облысы полиция департаментінің қызметкерлері Қызылорда қаласы білім бөліміне қарасты Әбубәкір Тыныбаев атындағы № 11 мектеп-лицейінде кезекті қауіпсіздік сабағын өткізді.

Оқушыларға қоғамдық орындардағы тәртіп, жол қозғалысы ережелері, интернет қауіпсіздігі туралы жан-жақты ақпарат беріліп, нақты өмірлік мысалдар келтірілді.

Тәртіп сақшыларының дәрісін 200-ге жуық оқушы ұйып тыңдады. Жол қауіпсіздігі, қоғамдық орындардағы тәртіп, төтенше жағдай кезінде әрекет ету ережелері нақты мысалдармен түсіндірілгендіктен балалар ерекше қызығушылық танытты. Оқушылардың көпшілігі сұрақтар қойып, күнделікті өмірде жиі кездесетін жағдайларға қатысты кеңес алды.

10 сынып оқушысы Оңталапқызы Жанбота қоғамда болып жатқан жасөспірімдердің құқық бұзушылықтарын әлеуметтік желіге жариялап лүпіл жинап, достарына жолдау дұрыс еместігін, бір-бірлеріне сыйластықпен қарап, қамқор болуға, заң талаптарын сақтап, тәртіпсіздікке жол бермеуге шақырды.

Полиция қызметкерлері оқушылармен ашық диалог форматында әңгіме өрбітіп, оларды құқықбұзушылық пен тәртіпсіздікке жол бермеуге, зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын берік ұстануға шақырды. Сонымен қатар бос уақытты тиімді әрі мазмұнды өткізу, шығармашылық дамуға көңіл бөлу сынды мәселелер де кеңінен сөз болды.

– Мұндай іс-шаралар балалардың құқықтық санасын арттырумен қатар, олардың бойында жауапкершілік пен отансүйгіштік сезімді нығайтуға септігін тигізеді, – дейді қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ювеналды полиция тобының аға инспекторы Раушан Абдразакова.

Полицейлер тәрбиелік маңызы зор шараларды жүйелі түрде жалғастыратынын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру