Қызылордада полицейлер студенттерге танымдық экскурсия ұйымдастырды
Қызылордада полицейлер студенттерге танымдық экскурсия ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
18 мамыр – Халықаралық музей күніне орай Қызылорда облысы полиция департаментінің музейінде студенттерге арналған танымдық экскурсия өтті. Іс-шара аясында жастар құқық қорғау органдарының тарихи жолымен, бүгінімен және жетістіктерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Экспозиция залында келушілер ішкі істер органдары қызметкерлерінің күнделікті қызметіне қатысты тың мәліметтермен танысып, тәртіп сақшылары қолданған тарихи құжаттар мен сирек кездесетін жәдігерлерді тамашалады. Музей қоры – ішкі істер саласының қалыптасу кезеңдерінен сыр шертетін шынайы дереккөз.
Бұл шара жастардың бойында отансүйгіштік сезім мен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар ішкі істер органдары мен қоғам арасындағы өзара сенім мен ашықтықты нығайтудың тиімді жолы болып табылады. Музей қызметі тек өткенге құрмет қана емес, сонымен қатар жас ұрпаққа өнеге берудің, ел қорғаны болуға ынталандырудың маңызды құралы саналады.
Экскурсия соңында студенттер алған әсерлерімен бөлісіп, полиция қызметкерлеріне ризашылықтарын білдіріп, қызметтеріне шығармашылық табыс тіледі.