Қызылордада полицейлер "Таза Қазақстан" акциясына белсенді атсалысуда
Қызылордада полицейлер "Таза Қазақстан" акциясына белсенді атсалысуда, — деп хабарлайды Polisia.kz.
“Таза Қазақстан” экологиялық акциясы – еліміздегі экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты қорғау және тұрғындарды қоршаған ортаны жақсартуға тарту бағытындағы маңызды бастама. Бұл акция аясында еліміздің барлық өңірінде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Қызылорда облысы полиция департаментінің қызметкерлері де аталған шараға белсенді түрде қатысып, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға өз үлестерін қосуда. Атап айтқанда, "Таза Қазақстан" акциясы барысында 7 200-ден астам құқық бұзушылық дерегі анықталып, құқық бұзушылар жауапқа тартылды. Оның ішінде: абаттандыру қағидаларын бұзудың – 4327 дерегі, ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың – 2898 дерегі тіркелді.
Сонымен қатар акция аясында облыс бойынша 23 мобильді топ құрылып, 4378 бірлескен рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Нәтижесінде 418 стихиялық қоқыс орны анықталып, тиісті шаралар қабылданды.
— Қоршаған ортаны қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Табиғатқа жанашырлықпен қарау, тазалықты сақтау – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады, – деді Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов.
Аталған жұмыстар Қызылорда өңірінің тазалығын арттырып, халық арасында табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етуде.