Қызылордада полицейлер тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді
Қызылордада полицейлер "Қауіпсіз дала" арнайы іс-шарасын өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоршаған ортаны қорғау бүгінгі күннің өзекті және маңызды тақырыптарының бірі. Алайда қоршаған ортаға, табиғатқа деген салғырттық салдарынан дала қауіпсіздігіне қауіп төне бастады.
Табиғатпен үйлесімді өмір сүре отырып, келешек ұрпаққа таза әрі қауіпсіз орта қалдыру бүгінгі күннің маңызды міндеті. Осы ретте тәртіп сақшылары адам әрекетінен ластанбаған таза орта, өрттен қорғалған табиғат, экологиялық ережелер сақталған аймақ, оның ішінде экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу ісін қолға алуда.
Қызылорда облысы полиция департаменті мен төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру қызметі бірлесіп, өрт пен судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жоспарлы профилактикалық іс-шара өткізді.
Шара барысында тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі, ашық отты қолдану кезіндегі сақтық шаралары мен су айдындарында балаларды қараусыз қалдырмау туралы нақты нұсқаулықтар берілді.
Қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар таратылып, мамандар тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Мақсат – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын болдырмау. Рейдтік іс-шаралар тұрақты негізде жалғастырылатын болады.