Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада полицейлер ҰОС-ның 90 жастағы тыл ардагеріне құрмет көрсетті

Қызылордада полицейлер Ұлы Отан соғысының 90 жастағы тыл ардагеріне құрмет көрсетті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Сыр өңірінің тәртіп сақшылары ардагер полицейлерді құттықтады. Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов бастаған қызметкерлер тобы және Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмірбек Шаймағамбетов ішкі істер органдарының ардагерлері Әлиев Төлеш және Мұхтаров Абдулла ағайлардың шаңырақтарына арнайы барып, оларды мерекемен құттықтады. Бүкіл өмірін қажырлы еңбекке арнаған қарттарға құрмет көрсетіп, естелік сыйлықтар тарту етті.

Өз кезегінде полиция полковнигі С.Ергешов ардагерлерді құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
Арнайы ұйымдастырылған шара тыл ардагері Әлиев Төлеш ақсақалдың үйінің ауласында өтті. Полиция департаментінің жеке құрамы сапқа тұрып, соғыс жылдарындағы әскери әндерді орындап, салтанатты маршпен жүріп өтті.
Осындай беделді ардагерлер иықтарына погон тағып, құқық қорғау қызметінің ыстығына күйіп, суығына тоңған білікті мамандар саналы ғұмырын ішкі істер саласына арнаған.

Дархан даланың киесі іспеттес текті ардагерлер жас полиция қызметкерлерін кәсіптерінің шеберліктеріне үйретіп келеді. Ұрпаққа игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытқан ардагерлер департамент басшылығына, Ардагерлер кеңесіне алғыстарын білдірді. “Бізді елеп-ескеріп, мейрамда құттықтап келгендеріңе, өз сый-сияпаттарыңды ала келгендеріңе алғысымыз шексіз. Ауыр қызметтеріңе тек қана табыс, өздеріңе шыдамдылық пен зор денсаулық тілейміз!” деп ақ баталарын берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру