Қызылордада полицейлер жас сақшылармен кездесті
Жеңістің 80 жылдығына орай қызылордалық полицейлер жас сақшылармен кездесті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Оралбек Омаров полиция лейтенанты Талғат Қозыбаевтың құрметіне Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінің № 135 орта мектебінде ашылған “Жас сақшы” полиция сыныбының оқушыларымен кездесті. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнінің 80 жылдығын мерекелеу қарсаңында ұйымдастырылған кездесуге бірқатар ішкі істер органдарының ардагерлері де қатысты.
Оралбек Тәубақабылұлы қауіпсіздік тақырыбында дәріс оқып, жолда жүру ережелері, құқықтық жауапкершілік, жасөспірімдер арасындағы тәртіп пен полиция қызметінің ерекшеліктері сынды маңызды тақырыптарға кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, жеңіс жолындағы жылдардың тауқыметі мен елдің бірлігі, батырлардың жанқиярлығы сөз болды.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Кездесу барысында балалар полиция қызметі, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері туралы түрлі сұрақтар қойып, қызығушылықтарын білдірді. Полиция қызметкерлерімен кездесу оқушыларға құқық қорғау органдарының кәсіби ортасын көріп, полиция жұмысы туралы маңызды ақпарат алуға мүмкіндік берді.
Аға буын өкілдері ардақты ардагерлер антқа адалдық, тәртіп, кәсіби шеберлік пен төзімділіктің маңызын атап өтіп, өздерінің жұмыстағы тәжірибелерімен, есте қалған оқиғаларымен бөлісіп, балалардың сұрақтарына жауап берді. Оқушылар өз кезегінде ардагерлердің естеліктерін зор ықыласпен тыңдады.
Департамент бастығының орынбасары Омаров Оралбек Омар болашақ тәртіп сақшыларына ақыл – кеңесін айтып, болашақта олар еліміздің лайықты азаматтары болатынына және әрқашан құқықтық тәртіпті сақтайтынына сенім білдірді.
Айта кетерлігі, “Жас сақшы” полиция сыныптарын құру – Ішкі істер министрлігінің басым жобасы және ең алдымен патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеуге, мектеп ортасында құқық бұзушылықтың алдын алуға және мамандық таңдауда көмек көрсетуге бағытталған.
Бұл бастама Қызылорда өңірінде де қолдау тауып, екі “Жас сақшы” полиция сыныбы ашылды. Оның бірі бейбіт уақытта азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірін құрбан еткен Қозыбаев Талғат Есентайұлының құрметіне Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінің № 135 орта мектебінде ашылған полиция сыныбы.
Екіншісі Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы №124 мектепте қызмет барысында қаза тапқан полиция капитаны Әбішев Кеңесбек атындағы полиция сыныбы.
“Жас сақшы полиция сыныбына кірген оқушылар өз Отанының ержүрек, әрі батыл қорғаушысы болуға дайындалумен қатар, әрдайым ізденуге, оқуда озат, елінің патриоты ретінде қатарластарына үлгі болуға ант берген. Бүгінде аталмыш сыныптардың мүшелері болған оқушылар қоғамдық жұмыстарға қатысып, белсенділік танытуда.