Қызылордада полицейлер жасөспірімдер арасында спорттық жарыс ұйымдастырды
Қызылордада полицейлер жасөспірімдер арасында спорттық жарыс ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінде мемлекет пен қоғамның назарын әрбір жас қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруға және олардың мүдделеріне аударуға басым бағыт берілуде. Мұндағы мақсат – әрбір баланың үніне құлақ асатын, қорғалғанын сезіндіре алатын ортаны қалыптастыру.
Осы ретте ҚР Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес "Заң және Тәртіп" мәдениетін қалыптастыру мақсатында "Полиция – балалардың қорғаны" бағыты аясындағы шаралар бастау алды.
Қызылорда облысының полиция департаменті және "Динамо" дене шынықтыру спорттық қоғамы" Қызылорда облыстық филиалымен бірлесіп 2011-2012 жылғы жасөспірімдер арасында футбол және шахмат ойындарын ұйымдастырды.
Аталған шараға Қызылорда облысы білім басқармасына қарасты білім беру ұйымдары мен полиция органдарының есебіне алынған балалар қатысты. Турнирдің ашылу салтанатында Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Оралбек Омаров құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
- Құрметті балалар, достар, ата-аналар! Бала – біздің болашағымыз, егер сендер білімді, мәдениетті және әдепті болсаңыздар, келешегіміз кемел, болашағымыз жарқын болатыны сөзсіз. Жасөспірім шақ — өмірдің ең жарқын, ең алаңсыз кезеңі. Алайда дәл осы жаста кейбір жастарымыз асығыстықпен, жастықпен ойланып үлгермей, тәртіп бұзып немесе қылмыс жасап, өз болашағына да, отбасының тағдырына да қара бұлт түсіріп жатады. Бір сәттік қателік – өмір бойғы өкінішке айналуы мүмкін. Қадірлі достар! Өмірлеріңіз өз қолдарыңызда. Әр ісіңізге жауапкершілікпен қарап, жақсы мен жаманды ажырата біліңіздер. Қоғам сіздерге сенім артады, елдің ертеңі сіздердің иықтарыңызда. Әр қадамыңыз – болашағыңыздың іргетасы екенін ұмытпаңыздар, дұрыс таңдау жасаңыздар! Құрметті балалар! Сендер аман болыңдар, денсаулықтарың мықты болсын! Жолдарың әрқашан ашық болып, ойлаған армандарына жетіңдер! Құрметті ата-аналар! Өсіріп отырған балаларымыз біздің қуанышымыз, Отанымыздың мақтанышы болсын! Елінің ертеңі үшін аянбай, әрі адал қызмет атқаратын ұл-қыздарды өмірге әкеліп, ұрпақтарыңызбен мың жасаңыздар, - деді О.Омаров.
Дәстүр бойынша әнұран орындалып, кіші футболдың шымылдығы түрілді. Байрақты бәсекеге жасөспірімдер белсене атсалысты. Қатысушы әр команда намысын қорғап, спорт додасында жеңіске жету үшін барын салды. Спортшылар тартысты да қызықты ойын өрнегін көрсете білді.
Сайыстың қорытындысы бойынша 1-орынды – "Сарымақ", 2-орын – "Арман" және 3-орынды №187 мектептің командасы иеленді. Олар "Динамо" ДШСҚ және полиция департаментінің кубоктарымен және грамоталарымен марапатталды. Сондай-ақ "Үздік шабуылшы", "Үздік қорғаушы" және "Үздік қақпашы" номинацияларымен жас футболшылар жеңіс тұғырынан көрінді.
Сонымен қатар жасөспірімдер арасында шахматтан турнир өтті. Ой мен тапқырлықтың сайысында үздік атанғандар алғыс хаттармен марапатталды.
Шара аясында жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері ұрыс тәсілдерін көрсетіп, қонақтардың ықыласына бөленді. Бұдан бөлек, балалар кинология қызметі орталығы иттерінің шабуылдау әдістерін қызыға тамашалады. Іс-шара соңында балалар полицейлермен бірге естелік суретке түсті.