Қызылордада полицейлер жастармен кездесті
Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Тоқтыбаев жастармен кездесті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесуге полиция қызметкерлері, М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің оқытушылары мен студенттері қатысты. Кездесу барысында студенттер үшін өте өзекті тақырыптар қозғалды: бұл әр азаматтың құқықтары мен міндеттері, құқық бұзушылықтар, бұзақылық, кибербуллинг, алаяқтық, нашақорлық және оның салдары үшін жазалау шаралары.
Бұл кездесу бейресми форматта өтті. Әрбір студент өзінің құқықтары мен жауапкершілігіне, қауіпсіздігіне, сондай-ақ полиция қызметіне қатысты кез-келген сұрақты қоя алды.
— Біздің мақсатымыз - жастар және жасөпірімдер арасындағы топтық төбелестер мен олардың қатысуымен жасалған қылмыстардың және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу. Бүгінгі күні тәртіп сақшылары күнделікті рейдтік шаралар ұйымдастырып, жұмыссыз жастар мен жеткіншектердің жүріс-тұрысын бақылауда ұстап отыр, — деді Серік Тоқтыбаев.
Жиынға қатысушылар өзекті мәселелерді талқылап, өз ойларымен бөлісті.