Қызылордада полицейлерден қашқан мас жүргізуші ұсталды
Қызылордада полицейлерден қашқан мас жүргізуші ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
8 тамыз күні таңғы сағат 07:30 шамасында Қызылорда қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері қала көшелерінің бірінде жол қозғалысы ережесін бұзған Sprinter автокөлігін тоқтатпақ болды. Алайда 46 жастағы қала тұрғыны полицейдің талабына бағынбай, қашып кетуге әрекеттенген.
Тексеру барысында оның жеке балабақша тәрбиеленушілерін масаң күйде тасымалдағаны анықталды. Наркологиялық сараптама қорытындысына сәйкес, жүргізуші жеңіл дәрежелі алкогольдік масаң күйде болған.
Тәртіп бұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы және басқа да баптар бойынша бірнеше хаттама толтырылды. Ол 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылуы мүмкін. Автокөлік айып алаңына қойылды.
Қызылорда қаласы полиция басқармасы тұрғындарды жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауға, әсіресе көлікті мас күйінде басқармауға шақырады. Құқық қорғаушылардың айтуынша, мұндай әрекет — жол-көлік оқиғаларының басты себептерінің бірі, ал жол қауіпсіздігі — баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.