Қызылордада полиция футбол финалында қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз етті
Қызылордада полиция футбол финалында қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз етті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорданың сол жағалауында 11 мың орындық заманауи стадион бой көтерді. Жаңа спорт кешені ФИФА тестілеуінен сәтті өтіп, "QUALITY PRO» халықаралық сертификатына ие болды. Нысан УЕФА талаптарына толық сәйкес келеді және соңғы үлгідегі материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған.
4 қазан күні жаңа стадионның салтанатты ашылуында футболдан Қазақстан кубогының финалдық матчы өтті. Еліміздің басты трофейі үшін "Ордабасы" мен "Тобыл" командалары кездесті. Мұндай ірі спорттық әрі мәдени шаралар жоғары деңгейдегі қауіпсіздік шараларын қажет етеді.
Қызылорда облысының полиция департаменті қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кешенді іс-шаралар атқарды. Тәртіп сақшыларының қатарына ішкі істер органдары мен ҚР ІІМ Ұлттық ұланының жеке құрамы тартылды.
Құқық қорғау органдарының жұмысына заманауи байланыс құралдарымен және бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған мобильді жедел басқару орталықтары мен дрондар пайдаланылды. Сонымен қатар жол қозғалысының қауіпсіздігіне ерекше мән берілді.
Полицияның үйлесімді әрекеті мен жаңа технологияларды тиімді қолдануының нәтижесінде финалдық ойын жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көрермендер мен қатысушылардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді.