Қызылордада полиция қызметін цифрландыру бойынша брифинг өтті
17 наурыз күні Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Сабит Ибадулланың қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифинг өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Брифинг барысында ол өңірде полиция қызметін цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен жаңа жобалар туралы баяндады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу мақсатында департамент бірнеше маңызды бағытта жұмыс жүргізіп келеді.
– Қала ішінде заманауи бейнебақылау камералары мен жылдамдық өлшегіш құрылғылар орнатылуда. Бұл – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау және жедел шешім қабылдау мақсатында жүзеге асырылып жатқан шаралар. Қазіргі таңда Қызылорда қаласында 272 бейнебақылау камерасы, 5 зияткерлік камера, 20 “Аркан”, бір “Мираж” стационарлық жылдамдық өлшегіш және 5 “зияткерлік қиылыс” жүйесі жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, 2024 жылдың шілде айынан бастап “Сергек” жобасы аясында 100 бейнебақылау камерасы мен 10 стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғысы іске қосылады. Бұл жүйелер құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамдық орындардағы тәртіпті бақылауға мүмкіндік береді, – деді спикер.
Статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен 7 813 әкімшілік құқық бұзушылық пен 30 қылмыс анықталған. Автоматты режимде жұмыс істейтін құрылғылар арқылы 5 241 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркелді. Биыл жыл соңына дейін Қызылорда қаласында қосымша 1 400 бейнебақылау камерасы, 19 “зияткерлік қиылыс” және 58 стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғысын орнату жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, республикада алғаш рет Қызылорда облысының барлық ауданында полиция бөлімдерінің жедел басқару орталықтары (ЖБО) іске қосылды. Бұл орталықтар қоғамдық тәртіпті бұзу әрекеттерін бақылап, жедел шара қолдануға мүмкіндік береді. Операторлар ұсақ құқық бұзушылықтарды, соның ішінде темекі тұқылын тастау, қоғамдық орындарды ластау, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін тіркеп отырады.
“Кіші ЖБО” жобасы аясында өңірде 539 бейнебақылау камерасы мен 49 жылдамдық өлшегіш құрылғы орнатылды. Жыл басынан бері бұл жүйелердің көмегімен 5 қылмыс ашылып, 3 802 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Ал жылдамдық өлшегіш құрылғылар арқылы 3 368 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі тіркелді. Жоба аясында “ЖБО 2.0” бағдарламасы енгізіліп, полиция бөлімдерінде “102” жедел желісіне түскен өтініштерді автоматты түрде қабылдау және өңдеу жүйесі іске қосылды.
Биыл сәуір айынан бастап Қызылорда қаласындағы жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйесі жаңартылып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану жоспарлануда.
– Президент қоғамдық тәртіпті сақтау саласына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект енгізудің маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты Қызылорда облысында “Target AI” жобасы іске қосылады. Бұл жүйе бейнебақылау камераларындағы бейне ағынды өңдеп, талдай отырып, қылмыскерлерді бет-әлпеті немесе сыртқы белгілері арқылы анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, күдікті көліктерді мемлекеттік нөмірі, моделі және түсі бойынша іздеп табуға болады. Жасанды интеллект жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын автоматты түрде тіркеп, құқық бұзушылықтар туралы полицияға жедел хабар береді. Сонымен қатар, адамдардың көп шоғырлануын алдын ала анықтап, тәртіпсіздіктің алдын алуға көмектеседі, – деп атап өтті Сабит Ибадулла.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 12 500 бейнебақылау камерасы жасанды интеллект жүйесімен жабдықталған. Бұл цифрлық технологиялар құқық қорғау органдарының тиімділігін арттырып, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қоспақ.