Қызылордада полиция қызметкерлері арасындағы тәртіп және заңдылық мәселесі талқыланды
Қызылорда облысы полиция департаментінің және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшылығының қатысуымен жеке құрам арасындағы тәртіп және заңдылық мәселесі талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталмыш жиынға орталық аппараттың, қалалық полиция басқармасының басшылығы және жеке құрам қатысты. Бірлескен жиын барысында полиция қызметкерлері арасында заң бұзушылықты болдырмау мақсатында атқарылған жұмыстар, қабылданып жатқан іс-шаралар, сонымен қатар әрбір мемлекеттік қызметкердің қызмет атқару барысында бірінші кезекте қолданыстағы заңнамаларды басшылыққа алу мәселесі де талқыланды.
Заңдылық және тәртіп – тек заңдарды және нормативтік құқықтық актілерді сақтау ғана емес, басқа да белгіленген жеке қағидаларды, сондай-ақ басшылықтың жазбаша және ауызша бұйрықтарын қызмет уақытында сәйкесінше орындау. Ішкі істер органдарының әрбір қызметкері азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және денсаулықтарын, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құқық қорғау органы екені айтылды.
– Жеке құрам арасында заңдылық пен қызметтік тәртіптің сақталуына тиісті бақылауды жүзеге асыру мақсатында жеке құрам арасында заң бұзушылықтардың, жол-көлік оқиғаларын азайту және автокөліктік тәртіпті орнатуға, тәртіпті бұзуға бейім қызметкерлерді анықтауға бағытталған профилактикалық алдын алу іс-шаралары тұрақты негізде жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша кешенді шаралар қабылдау жұмыстары департамент басшылығының ерекше бақылауында. Сондықтан да бұл бағыттағы жұмыстарды бірлесіп жүргізгенде жұмыстың нәтижелі болатыны анық, – деді Қызылорда облысы полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Ғалымбек Карагулов.