Қызылордада полиция қызметкерлері жасөспірімдермен құқықтық тәрбие жөнінде кездесу өткізді
Қызылордадағы колледжде кәмелетке толмаған жастар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Қызылорда қалалық полиция басқармасының ұйымдастыруымен профилактикалық түсіндіру шарасы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Басқосуда полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқық бұзушылық түрлеріне тоқталып, олардың алдын алу бағытында нақты ұсыныстар мен тәжірибеден мысалдар келтірді.
Қызылорда қалалық полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің учаскелік полиция инспекторы М.Ерсейітов жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқық бұзушылық түрлері, олардың алдын алу жолдары және полиция тәжірибесінен мысалдар келтіре отырып түсіндірме жасады.
Іс-шара барысында колледж директоры Ж.Тоғанова білім алушыларға құқықтық тәртіп, жасөспірімдердің қоғамдағы жауапкершілігі және құқық бұзушылықтың салдары туралы жан-жақты түсіндірме жасады. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Исаева тәрбие бағытында атқарылатын жұмыстар мен құқықтық нормаларды сақтаудың маңызын атап өтті.
Колледж инспекторы Ж.Мәлік қолданыстағы заңдар, құқықтық баптар және әкімшілік жауапкершілік туралы мәлімет беріп, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған түсіндіру жүргізді.
Алғашқы әскери дайындық жетекшісі Тұрсынбай Қалқаман білім алушыларға тәртіп, азаматтық жауапкершілік және қауіпсіздік ережелері жөнінде ақпарат берді.
Кездесу соңында білім алушылар мамандарға өз сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Шара жастардың құқықтық санасын көтеруге, тәртіпке баулуға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған маңызды басқосу болды.
