Қызылордада полиция сыныбы ашылды
Қызылордада бейбіт күннің батыры Талғат Қозыбаев атындағы полиция сыныбы ашылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Сыр өңіріндегі білім ошақтарының бірінде полиция сыныбы ашылды. Сыныпқа ерлік көрсетіп, бейбіт күннің батыры атанған полиция лейтенанты Талғат Қозыбаевтың есімі берілді. Полиция сыныбы Арал қаласындағы №71 орта мектепте ашылды. Салтанатты шараға Қозыбаев Талғаттың әкесі Есентай аға, Арал ауданы әкімінің орынбасары Нұрмұхаммед Омарұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова, мектеп ұжымы, полиция департаментінің қызметкерлері, аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы және оқушылар қатысты.
Бүгінгі күнгі қазақстандық қоғамның маңызды міндеті - шынайы азамат пен нағыз патриотты тәрбиелеу. Міне осы мақсатта № 71 орта мектепте алғаш рет “Жас сақшы” полиция сыныбы ашылды. “Жас сақшы” сыныбының ашылуы балалардың бойында өз елінің тағдырына, туған өлкесіне деген жауапкершілік сезімін, ата-бабаларымыздың рухы мен дәстүрінде Отанды қорғауға дайындықты қалыптастыру болып табылады.
Жиын бейбіт күннің батырын 1 минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Ерлік көрсетіп, бейбіт күннің батыры атанған азаматтың бірі – Қызылорда облысы Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінің бұрынғы учаскелік полиция инспекторы Талғат Қозыбаев. Ол ерлікпен қаза тапқан соң ел Президентінің Жарлығымен ІІ дәрежелі жауынгерлік “Айбын” орденімен марапатталды.
Іс-шара барысында полиция лейтенанты Талғат Қозыбаевтың өмір жолы мен ерліктері туралы естеліктер айтылып, жас ұрпаққа оның батырлық рухы үлгі ретінде дәріптелді. Қызылорда облысы полиция департаменті Тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы Марат Сулейменов сөз алып, елжанды, патриот балаларымыз, елін сүйетін азаматтарымыз көп бола берсін деп тілегін білдіріп, “Жас сақшы” сыныбына қабылданған оқушыларға сәттілік тіледі. Сонан соң полиция сыныбының оқушыларына куәлік табыстау рәсімі өтті.
Іс-шара соңында Халықаралық “Жеті өнер” байқауының бас жүлде иегері, VI Республикалық “Қазақстан үміті” байқауының лауреаты Мейрамбекұлы Нұрбол “Алға Қазақстан” әнін шырқаса, “Жас сарбаз” үйірмесінің мүшелері қарумен саптық жаттығуларын орындап, өнерлерін көрсетті.