Қызылордада пробация бақылауындағы азаматтармен профилактикалық жұмыс күшейтілді
Қызылордада пробация бақылауындағы азаматтармен профилактикалық жұмыс күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық пробация қызметі пробация есебіндегі сотталған азаматтармен күнделікті профилактикалық және тәрбиелік бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бүгінде қала аумағында 500-ге жуық азамат пробация бақылауында тұр. Олардың әрқайсысына сот шешімімен белгілі бір міндеттемелер жүктелген. Алайда бұл талаптарды орындаудан жалтарып, жазадан қашуға тырысатындар да кездеседі.
Жуырда дәл осындай тәртіп бұзушы азамат қолға түсті. 2024 жылдың шілде айынан бастап ол пробация инспекциясына тіркеуге келмей, тұрғылықты мекенжайында болмаған. Сот қаулысына сәйкес оған іздеу жарияланып, нәтижесінде құқық қорғау органдары оны тауып, электрондық бақылау құрылғысын тағып, бақылауға алды.
Аталған азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігінің 2-тармағына сәйкес (Ұрлық жасау) 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесіліп, пробациялық бақылауға алынған болатын. Алайда жаза өтеу тәртібін бірнеше рет қасақана бұзғандықтан, сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Сонымен қатар жазаның түрін бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы материалдар сотқа жолданды.
Пробация қызметінің инспекторы Ержан Акбардың айтуынша, есептегі азаматтармен үнемі жеке профилактикалық әңгімелер өткізіліп, оларды қоғамға бейімдеу бағытында түрлі шаралар жүзеге асырылуда.
— Бес саусақ бірдей емес. Араларында түзелу жолына түсіп, жаңа өмір бастағандар да бар. Бірақ, өкінішке қарай, жүктелген міндеттеріне салғырт қарап, қателігін қайталауға бейім азаматтар да кездесіп жатады. Біздің мақсат – олардың қайта қылмыс жасауына жол бермеу және қоғамға бейімдеуге ықпал ету, — дейді инспектор.
Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және сотталған азаматтарды қайта әлеуметтендіру — пробация қызметінің негізгі міндеттерінің бірі. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.