Қызылордада пробация есебінде тұрған азаматтар тергеу мекемесіне барды
Қызылордада пробация есебінде тұрған азаматтар тергеу мекемесіне барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
25 қыркүйек күні пробация есебінде тұрған бірнеше азамат Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №68 тергеу мекемесінің жай күйімен танысты. Бұл шараның басты мақсаты – есепте тұрған азаматтар тәртіп сақтамай жаза басатын болса, тергеу мекемесінде жазасын өтейтіндігі түсіндіру.
Қызылорда қаласының прокуратура орынбасары Бек Мусабаев пен Қызылорда қалалық пробаця қызметінің бастығы Даулет Сәдуақасов, сондай-ақ мекеме бастығы Қайырбек Ильясов қатысуымен қоғамнан оқшаулауға байланысты жаза түрімен сотталған азаматтарға мекеменің толық тыныс-тіршілігімен таныстырды. Сонымен қатар бұл экскурсияға Қызылорда облысының әр аймақтан жиналған 43 есептегі азамат пен оларға жауапты инспектор қызметкерлері қатысты.
Экскурсия барысында режим және күзет бөлімінің бастығы Асылбек Төребеков мекемедегі сотталған азаматтар жататын камераны, асхананы және мекеме аумағын толықтай көресетіп, теміртордың өміріне қызықпауды айтты.
– Қазіргі таңда қызбалықпен жастар мен егде жастағы азаматтар мен азаматшалар қылмыс жасап, жаза басады. Осындай қателіктердің кесірінен өзіне және өзгелерге зиян келтіретін адамдарды тәртіпке шақырамыз. Бұл есептегі сотталған азаматтар алдағы уақытта қандай жағдай болсын жаза басатын болса, бірнеше жылдық өмірлерін төрт қабырғада отырып өткізеді. Мұндай қателіктерге бармас үшін біз пробация қызметінің бастығымен және инспекторларымен бірлесе отырып экскурсия шарасын ұйымдастырдық, – деді Қызылорда қалалық прокуратурасының орынбасары Бек Мусабаев.