Қызылордада пробация есебінде тұрған азаматтармен кездесу өтті
Қызылордада пробация қызметінде есепте тұрған азаматтармен кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық пробация қызметінде есепте тұрған азаматтармен кезекті тәрбиелік және психологиялық бағыттағы кездесу өтті. Іс-шара "Жігер" Қызылорда облысы мүгедектерінің қоғамдық бірлестігі, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі және Қызылорда қалалық пробация қызметінің бірлесуімен жүзеге асырылып отыр.
Іс-шара "Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатындар және босатылғандарды, сондай-ақ пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды қайта әлеуметтендіру және әлеуметтік бейімдеу қызметтері" әлеуметтік жоба аясында ұйымдастырылды.
Кездесуге Қызылорда қалалық пробация қызметінің инспектор-психологы Гүлзинат Жилкаманова және "Жігер" қоғамдық бірлестігінің кәсіби психологы Мөлдір Кожатаева қатысты.
Іс-шара барысында психолог Мөлдір Кожатаева қатысушылармен "Дағдарыстан шығу жолдары" тақырыбында тренинг өткізіп, өмірлік қиын жағдайлардан шығудың тиімді әдістері, эмоцияны басқару мен өзін-өзі дамыту тетіктері туралы түсіндірме жасады.
Кездесуге барлығы 33 азамат қатысты. Шара соңында қатысушыларға құқықтық сауатты арттыруға арналған ақпараттық брошюралар таратылып, сауалнама жүргізілді.
– Осындай кездесулер бізге үлкен көмек. Түрлі өмірлік қиындықтардан шығу жолдарын, өз-өзіңді ұстау мен дұрыс шешім қабылдауды үйретеді. Психологтың кеңесі болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік берді, – дейді есептегі азамат.