Қызылордада пробация есебінде тұрған жастарға шеберлік сағаты ұйымдастырылды
Жастар ресурстық орталығы мен пробация қызметінің бірлескен бастамасымен пробация есебінде тұрған қыздарға арналған сурет салу шеберлік сағаты ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл іс-шара жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, арт-терапия әдісі арқылы психоэмоционалды қолдау көрсетуге және олардың қоғамға қайта бейімделуіне жәрдемдесуге бағытталған.
Шеберлік сағаты барысында қатысушыларға өз ойларын еркін білдіру, ішкі сезімдерін қағаз бетіне түсіру мүмкіндігі берілді. Арт-терапия – адамның жан дүниесін терең түсінуге, эмоционалды күйін тұрақтандыруға көмектесетін тиімді әдістердің бірі. Сондықтан бұл шара тек сурет салуды үйретіп қана қоймай, қатысушылардың өзін-өзі тануына, өмірге деген оң көзқарасын қалыптастыруға да ықпал етті.
Шара барысында кәсіби суретшілер қатысушыларға түрлі техникалар мен әдістерді таныстырып, шығармашылық жұмыстарына бағыт-бағдар берді. Қыздар өз ойларын қағазға түсіріп қана қоймай, пікір алмасып, жаңа тәжірибе жинақтады.
Осындай шаралар жастардың бойындағы сенімділікті арттырып, олардың жаңа мүмкіндіктерге жол ашуына септігін тигізеді. Алдағы уақытта да осындай шығармашылық жобалар ұйымдастырылып, жастардың әлеуметтік бейімделуіне қолдау көрсетілмек.