Қызылордада пробация есебіндегі 58 адам қоғамдық жұмыс істеп, жазаларын өтеді
Қызылордада пробация есебіндегі 58 адам қоғамдық жұмыс істеп, жазаларын өтеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің аудандық және қалалық пробация қызметінің есебінде мыңға жуық сотталған азамат бар. Жыл басынан бері сот үкімімен пробация есебіндегі 68 сотталғанға қоғамдық жұмыс атқару арқылы жазаларын өтеу міндеттелген. Осы уақытқа дейін олардың 58-і қоғамдық жұмысын толық орындап, есептен шығарылған, ал қалған 10-ы жұмыстарын әлі де жалғастырып жатыр.
– Мен отбасылық-тұрмыстық жанжалға байланысты сотталғанмын. Жасаған іс-әрекетім үшін қатты өкінемін. Қоғамға пайда тигізу үшін тазалық жұмыстарын атқарып жүрмін. Тұрақты жұмысым бар, түске дейін жұмысқа барып келемін. Бір аптадай тазалық жұмыстарына үлесімді қоссам, 40 сағат қоғамдық жұмысымды толық аяқтаймын, – деді сот үкімімен 40 сағат қоғамдық жұмысқа тартылған сотталғандардың бірі.
Қызылорда қалалық пробация қызметі бөлімінің бастығы Фариза Сембаева атап өткеніндей, пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандар сот үкімімен тағайындалған қоғамдық жұмыс түріндегі жазаларын жергілікті атқарушы органдар белгілеген орындарда жүргізеді. Пробация қызметкерлері жазаның орындалуын қатаң бақылауда ұстайды. Сот үкімімен оларға 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарды орындау міндеттелген. Қоғамдық жұмысқа тартылған тұлғалар сот үкімімен белгіленген жазаларын толық өтеген соң пробация есебінен шығарылады.
– Жазасын қоғамдық жұмыс арқылы өтеу – сотталғандардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Біз бұл жұмыстың сапалы әрі уақытында орындалуын қамтамасыз ету үшін бақылауды күшейтіп отырмыз, – деді Фариза Сембаева.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті қоғамдық жұмыстарды орындау арқылы жазасын өтеген сотталғандардың қоғамға пайдалы болып, өздеріне де оң әсер ететінін атап өтті. Қоғамдық жұмыстарды орындау сотталғандардың түзелуіне және қоғамда белсенді азамат ретінде қайта оралуына ықпал етеді.