Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада пробация есебіндегі азаматтарды қайта әлеуметтендіру жұмыстары жалғасуда

Қызылордада пробация есебіндегі азаматтарды қайта әлеуметтендіру жұмыстары жалғасуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда қалалық пробация қызметі пробация есебінде тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеу және қылмыстың қайталануын болдырмау мақсатында жүйелі түрде ауқымды профилактикалық іс-шаралар өткізуде. Осындай кезекті іс-шара 4 аймақтық учаскелік пунктте ұйымдастырылды.

Іс-шараға аймақтық пробация инспекторы Н. Қыдырбекқызы, қылмыстық жазасын өтеген азаматтарды әлеуметтік оңалту орталығының заңгері Ғ. Оразбеков және жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы, майор Р. Бодықов қатысты.

Кездесу барысында сотталған азаматтарға бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірді қалыпқа келтіру жолдары туралы кеңестер берілді. Әлеуметтік оңалту орталығының заңгері Ғ. Оразбеков сотталғандардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктері, құжаттарды ресімдеу, медициналық көмек алу және тұрғын үй мәселелерін шешу туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Жұмыссыз сотталған азаматтар үшін бос жұмыс орындары, жұмыспен қамту орталықтарының қызметтері және мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді. Пробация қызметі жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, сотталған азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлуде.

Учаскелік полиция инспекторы Р. Бодықов сотталған азаматтарға құқықтық тәртіпті сақтау маңыздылығын, қайталама қылмыстың салдарын және оның жауапкершілігін егжей-тегжейлі түсіндірді. Кездесу соңында қатысушыларға қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтарға жол бермеу бойынша нақты ұсыныстар берілді.

Қызылорда қалалық пробация қызметінің мұндай іс-шаралары сотталған азаматтарды қоғамға бейімдеуде және оларды жаңа өмір бастауға ынталандыруда маңызды рөл атқарады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру