Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада пробация есебіндегі бес сотталған мемлекеттік грант ұтып алды

Қызылордада пробация есебіндегі бес сотталған мемлекеттік грант ұтып алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы Шиелі ауданында пробация қызметінің есебінде тұрған бес азамат “Бастау Бизнес” жобасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болды. Олар “Атамекен” кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, бизнес-жоспарларын сәтті қорғап, әрқайсысы 1 572 800 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болды.

Мемлекет тарапынан бөлінген бұл гранттар сотталғандардың қоғамға бейімделуіне, еңбек арқылы өз өмірін жаңаша бастауына зор мүмкіндік беріп отыр. Екі азамат дәнекерлеу жұмыстарымен айналысатын жеке шеберхана ашпақ, екеуі үй құсын өсіріп, ет және жұмыртқа өндіруді жоспарлап отыр, ал бір азамат құрылыс материалын өндіретін шағын цех ашуға ниетті.

Пробация қызметі мен “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының бірлескен жұмысы нәтижесінде бұл азаматтар тек кәсіп ашуға мүмкіндік алып қана қоймай, қоғамға қайта бейімделу жолына түсті.

- Жасаған қателігім үшін өкініп келемін. Бірақ мемлекет маған жаңа өмір бастауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл грант – мен үшін үлкен сенім. Енді тек адал еңбекпен отбасымды асырап, өз ісімді дамытқым келеді. Бұрын кәсіпкер боламын деп ойламаппын. Қазір шлакоблок өндірісімен айналысып, еңбек арқылы өз орнымды табамын деп сенемін, – дейді пробация есебіндегі азамат.

Шиелі аудандық пробация қызметінің бастығы Қайрат Байгенжеевтің айтуынша, бұл бастама жергілікті атқарушы органдардың, аудандық прокуратураның бірлесуімен жүзгізілуде. Алдағы уақытта да есепте тұрған азаматтарды оқытып, жұмысқа орналастыру, кәсіп ашуына көмектесу жұмыстары жалғасатын болады. Мұндай қолдаулар олардың қайта қылмысқа баруына жол бермей, қоғамда өз орнын табуына сеп болмақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру