Қызылордада пробация есебіндегі сотталған азаматқа электронды мүгедектік арба табысталды
Қызылордада пробация есебіндегі сотталған азаматқа электронды мүгедектік арба табысталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласында пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған азаматқа әлеуметтік қолдау көрсетіліп, электронды мүгедектік арба табысталды.
Пробация қызметі есептегі азаматтарды бақылап қана қоймай, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге де ерекше көңіл бөледі. Осы бағытта Қызылорда қалалық пробация қызметінің мамандары денсаулығына байланысты жүріп-тұруы қиын азаматтың жағдайына назар аударып, оған мүгедектік арба алып беруге ықпал етті.
Аталған азамат денсаулығына байланысты өздігінен еркін қозғала алмайтындықтан, күнделікті тұрмысында бірқатар қиындықтарға тап болған. Пробация қызметкерлері жергілікті мекемелермен бірлесе отырып, қажетті құралды алып беруді ұйымдастырды.
- Пробация қызметінің көмегімен мүгедектік арбаға қол жеткізгеніме өте қуаныштымын. Осындай қамқорлықтың арқасында өзімді қоғамнан шет қалғандай сезінбеймін. Көмек көрсеткен пробация қызметінің мамандарына шынайы алғысымды білдіремін, – деді есептегі азамат.
Мүгедектік арбасының табысталуы азаматтың еркін қозғалуына мүмкіндік беріп қана қоймай, оның қоғамға бейімделуіне де оң әсерін тигізеді.
