Қызылордада пробация есебіндегі сотталған қамауға алынды
Қызылордада пробация есебіндегі сотталған қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебінде 500-ден астам азамат тұр. Есептегі азаматтармен үздіксіз құқықтық, мәдени-спорттық шаралар өткізіледі. Бұл жұмыстарға қарамастан құқық бұзушылық жасайтындар да кездеседі. Жуырда тағы бір азамат сот жүктеген міндеттерді орындамай, әкімшілік құқық бұзушылықтар жасап, сот үкімімен тағайындалған 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекті де орындамаған.
Қалалық пробация қызметінің аға инспекторы Аида Байқадамованың айтуынша, заң бұзған есептегі сотталған Кызылорда қалалық №2 сотының 2022 жылдың 5 тамызында шығарылған үкімімен ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы, 24-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылып, пробациялық бақылау белгіленген.
Алайда ол 100 сағат мәжбүрлі еңбекті орындамай, бірнеше рет әкімшілік құқық бұзушылық жасап, түнгі мезгілде кала аумағында жүріп, тұрғылықты мекенжайында болмай, бірнеше рет жаза өтеу тәртібін бұзған. Қалалық пробация қызметі сотталғанға қатысты құжаттарды жинақтап, сотқа ұсыныс жолданған. Сот қаулысымен сотталған азаматтың бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігі, яғни 1 жыл 1 ай 27 күнге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Қаулы заңды күшіне енген.