Қызылордада пробация есебіндегі жастар салауатты өмір салтына бет бұруда
Қызылордада пробация есебіндегі жастар салауатты өмір салтына бет бұруда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық пробация қызметі мен облыстық жастар ресурстық орталығы бірлесе отырып, есепте тұрған жастарды салауатты өмір салтына баулу мақсатында игі шара ұйымдастырды. Бүгін 18-34 жас аралығындағы бір топ азамат Евразия спорттық кешеніне барып, суға жүзумен айналысты.
Шараның негізгі мақсаты – жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың денсаулығын нығайту және өмірге деген оң көзқарасын қалыптастыру. Қазіргі таңда қалалық пробация қызметінің есебінде 350-дей жас азамат тіркелген. Олардың қоғамға бейімделуі мен әлеуметтік тұрғыда қайта қалыптасуы — пробация жұмысының басым бағыттарының бірі.
— Жүзуді бала кезден ұнатамын. Осындай шара ұйымдастырғаны үшін алғысым шексіз. Спорт — тек физикалық емес, рухани тұрғыдан да тазаруға септігін тигізеді. Жаңа өмірге осындай қадамдар арқылы бастау алатынымызға сенемін, – дейді қатысушылардың бірі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама алдағы уақытта да жалғасатын болады. Пробация қызметі жастарға қолдау көрсетіп, оларды қоғамға бейімдеу жолында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Спорт — тек денсаулық кепілі ғана емес, жаңа өмірге жол ашатын сенімді құрал.