Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада пробация есебіндегі жастармен жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр

Қызылордада пробация есебіндегі жастармен жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда қалалық пробация қызметі бүгінгі таңда 500-ге жуық азаматпен жұмыс жүргізуде. Олардың 200-ден астамы — 14 пен 35 жас аралығындағы жастар. Бұл жастар санатындағы азаматтарды қоғамға бейімдеу, құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсету — қызметтің басты мақсаты.

Пробация қызметі тарапынан азаматтардың қайта құқық бұзушылыққа бармауына жол бермеу үшін түрлі бағыттағы іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Соның бірі - жастардың қажеттіліктерін анықтауға арналған арнайы сауалнама жүргізіліп, олардың қызығушылықтары мен өзекті мәселелері жан-жақты зерттелді.

Сауалнама нәтижелері жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, кәсіби білім алу және жұмыспен қамтылу мәселелеріне ерекше көңіл бөлетінін көрсетті. Осыған сәйкес, пробация қызметі олардың сұранысына сай әлеуметтік, мәдени және спорттық бағыттағы іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастыруда. Бұл бастамалар жастардың әлеуметке бейімделуіне, жеке қабілеттерін дамытуына және қоғаммен тығыз байланыс орнатуына септігін тигізеді.

– Жастармен жұмыс – біздің қызметіміздің басым бағыты. Қайта қылмысқа бармауы үшін оларға дұрыс жол көрсетіп, қажетті қолдау білдіру өте маңызды. Осы мақсатта әрбір жаспен жеке жұмыс жүргізіп, олардың сұраныстары мен қызығушылықтарына сай іс-шаралар жоспарланады, – дейді пробация инспекторы Мақсат Жұмабеков.

Қоғамнан оқшауланбау — әрбір азаматтың конституциялық құқығы. Пробация қызметі осы азаматтарға екінші мүмкіндік беріп, олардың өмірге жаңа көзқараспен қарауына, болашаққа сеніммен қадам басуына ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру