Қызылордада пробация қызметі бақылаудағы азаматтарды мекенжайы бойынша тексерді
Қызылордада пробация қызметі бақылаудағы азаматтарды мекенжайы бойынша тексерді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық пробация қызметінің бақылауындағы сотталған азаматтарды мекенжайы бойынша тексеру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Осындай іс-шаралардың бірі жақында Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу және оңалту орталығының заңгерімен бірлесіп өткізілді. Шараның басты мақсаты – есептегі азаматтардың тұрмыс жағдайымен танысып, оларға құқықтық кеңес беру, қолдау көрсету және қайта қылмыс жасаудың алдын алу.
Қалалық пробация қызметінің инспекторы Ержан Ақбардың мәлімдеуінше, қазіргі таңда оның бақылауында 35 азамат есепте тұр.
– Әрқайсысымен жеке әңгімелесіп, жасаған әрекеттерінің салдарын түсіндіруге тырысамыз. Қоғамға бейімделу жолында жан-жақты қолдау көрсету – басты міндетіміз, – дейді инспектор.
Тексеру барысында есептегі жас азаматтардың бірі өз ойын ашық білдіріп, жасаған қылмысы үшін өкінетінін жеткізді. Оның айтуынша, досымен бірге ұялы телефонды тонау қылмысын жасаған. Жасы небәрі 21-де. Сот үкімімен оған үш жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылауға алынған.
– Жасаған ісіме қатты өкінемін. Қайта қылмыс жасау ойымда жоқ. Қазір мемлекеттен тиісті көмек алып жатырмын. Жұмысқа орналастым. Болашақта отбасылы болып, өмірімді дұрыс арнаға бұрғым келеді, – дейді жас сотталған.
Қазіргі таңда Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебінде мыңға жуық адам тіркеуде тұр. Қызметкерлердің жүйелі түрде жүргізіп жатқан түсіндіру және қолдау шараларының арқасында көптеген азаматтар өз қателіктерінен сабақ алып, қоғамға қайта бейімделіп, жаңа өмірге қадам басып келеді.