Қызылордада пробация қызметі есептегі азаматшаға зейнетақы рәсімдеуге жәрдемдесті
Қызылордада пробация қызметі есептегі азаматшаға зейнетақы рәсімдеуге жәрдемдесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық пробация қызметінің мамандары пробация есебінде тұрған азаматшаға әлеуметтік-құқықтық қолдау көрсетіп, мемлекеттік зейнетақы тағайындалуына мүмкіндік жасады.
Денсаулық жағдайына байланысты еңбекке жарамсыз азаматшаға қажетті құжаттар дайындалып, тиісті сала мамандары шақыртылды. Нәтижесінде оған заң бойынша зейнетақы рәсімделді.
Пробация қызметі бастығының орынбасары, әділет майоры Гүлнұр Байсарова бұл бағыттағы жұмыстың маңызын атап өтті:
– Біздің басты міндетіміз – пробация есебіндегі азаматтарға құқықтық әрі әлеуметтік тұрғыда қолдау көрсету. Азамат пробацияға келген сәттен бастап жан-жақты зерделенеді. Құжаты жоқ болса – құжаттандыруға, жұмыссыз болса – жұмысқа орналасуға, кәсіп ашқысы келсе – қолдау көрсетуге көмектесеміз. Бұл жолы еңбекке жарамсыз азаматшаға зейнетақы рәсімдеуде жан-жақты жәрдем берілді, – деді ол.
Зейнетақыға қол жеткізген азаматша ризашылығын білдіріп:
– Құжат жинау мен рәсімдеуде қиналып жүрген едім. Пробация қызметкерлері барлық көмекті көрсетіп, қажетті мамандарды шақыртып, зейнетақы алу мәселемді шешіп берді. Мемлекеттік қолдауға жол ашқаны үшін алғыс айтамын, – деп бөлісті.
Бұл оқиға пробация қызметінің әлеуметтік бағыттағы жұмысының нәтижелі жүзеге асып келе жатқанын айғақтайды.