Қызылордада пробация қызметімен бірлескен әлеуметтік жоба аясында дөңгелек үстел өтті
Қызылордада пробация қызметімен бірлескен әлеуметтік жоба аясында дөңгелек үстел өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласында Жігер облыстық мүгедектер бірлестігінің ұйымдастыруымен М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжінде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды қайта әлеуметтендіру бағытындағы маңызды кездесу – дөңгелек үстел өткізілді.

Бірлестік мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында аталған санаттағы азаматтарға әлеуметтік-құқықтық қолдау көрсетіп, олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл мақсатта қоғамдық бірлестік пен пробация қызметінің өзара ынтымақтастығы ерекше маңызға ие.
Іс-шара барысында әлеуметтік бейімдеу жобасының нәтижелері талқыланып, атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігі мен алдағы жоспарлар сөз болды. Қайта әлеуметтендіру ісінде туындайтын мәселелер, оларды шешу жолдары қарастырылып, пробация қызметі мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысының маңыздылығы атап өтілді.
Жиын соңында қоғамдық бірлестік тарапынан пробация қызметімен тығыз байланыс орнатып, жобаның жүзеге асуына үлес қосқан қалалық пробация қызметінің 4 қызметкері марапатталды. Олар Қызылорда қаласы әкімінің орынбасарының Алғыс хатымен марапатталды.
Бұл іс-шара пробация қызметі мен қоғамдық ұйымдардың өзара әріптестігінің қоғамға оралып жатқан азаматтардың жаңа өмірге бейімделуіне оң әсерін тигізетінін көрсетті.
