Қызылордада пробация қызметкерлері есептегі азаматшаға зейнетақы ресімдеуге көмектесті
Қызылорда қалалық пробация қызметінің мамандары есепте тұрған азаматшаға әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетіп, оның зейнетақы алуына мүмкіндік жасады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз болған азаматшаға қажетті құжаттар жиналып, тиісті сала мамандарының қатысуымен зейнетақы рәсімдеу жұмыстары жүргізілді.
Соның нәтижесінде оған заң талаптарына сай мемлекеттік зейнетақы тағайындалды.
Пробация қызметінің бастығы Фариза Сембаева бұл бағыттағы жұмыстың маңыздылығын атап өтті:
– Пробация есебіндегі азаматтарға тек құқықтық тұрғыда емес, әлеуметтік жағынан да қолдау көрсету – біздің басты міндетіміз. Құжаты жоқ болса – құжаттандыруға, жұмыссыз болса – жұмысқа орналастыруға, қажет болса – кәсібін бастауға көмектесеміз. Бұл жолы да азаматшаға зейнетақы рәсімдеу кезінде жан-жақты жәрдем берілді, – деді ол.
Зейнетақыға қол жеткізген азаматша пробация қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
– Құжат жинау мен рәсімдеуде қиналып жүрген едім. Пробация қызметкерлері барлық көмекті көрсетіп, зейнетақы алу мәселемді шешіп берді. Осындай қолдау үшін алғыс айтамын, – деді.