Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада "Қақпа алдындағы кездесу" әлеуметтік бейімдеу шарасы өтті

Қызылордада "Қақпа алдындағы кездесу" әлеуметтік бейімдеу шарасы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгін Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №37 мекемесінен жазасын өтеп шыққан бір азамат бостандыққа шықты. Осыған орай мекеменің тәрбие бөлімі тарапынан "Қақпа алдындағы кездесу" атты әлеуметтік бейімдеу іс-шарасы ұйымдастырылды.

Аталған шараның басты мақсаты — сотталған азаматтың қоғамға қайта бейімделуіне жәрдемдесу, қайталама құқық бұзушылықтың алдын алу және әлеуметтік қолдаудың қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, құқық қорғау құрылымдарының мамандары мен әлеуметтік қызметкерлер қатысты. Олар босатылған азаматқа құқықтық кеңес беріп, құжаттарды қалпына келтіру, жұмысқа орналасу және әлеуметтік көмектерге жүгіну жолдары бойынша нақты ақпарат ұсынды.

Сотталған азаматты мекеме қақпасынан туған-туыстары қарсы алып, отбасымен қауышу сәті оның өміріндегі жаңа кезеңнің бастамасы болды.

Қылмыстық-атқару жүйесі өкілдерінің айтуынша, бұл сияқты кездесулер – сотталғандарды қоғам өміріне бейімдеудің тиімді тетігі. Мұндай қолдау шаралары бұрынғы сотталған азаматтарға жаңа өмір бастауға серпін беріп, олардың толыққанды азамат ретінде қалыптасуына мүмкіндік туғызады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру