Қызылордада қаржылық қауіпсіздік және кибералаяқтыққа қарсы қорғау шаралары жүргізіліп жатыр
Қызылордада қаржылық қауіпсіздік және кибералаяқтыққа қарсы қорғау шаралары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" апталығы аясында полиция қызметкерлерімен халықтың қаржылық қауіпсіздігі мен сауаттылығын арттыру мақсатында ауқымды шаралар қолға алынуда. Қазіргі таңда интернет-алаяқтық қылмыстар санының артуына байланысты қаржылық сауаттылықты арттыру өзекті мәселеге айналғаны анық. Осыған байланысты полицейлер қаржылық қауіпсіздік және кибералаяқтыққа қарсы қорғау шаралары туралы жұртшылықты кеңінен ақпараттандыруда.
Қазіргі уақытта интернет пен цифрлы технологиялардың үздіксіз дамуына байланысты интернет-алаяқтық қылмыстары қоғамның ең өзекті әрі маңызды мәселесіне айналып отыр және оның түрлері де күн сайын кең таралып келеді. Жыл басынан облысымызда 186 интернет-алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесімен 66 қылмыстық іс өндірістен аяқталып, түпкілікті шешім қабылданды.
Қазақстанның байланыс операторлары алаяқтық мақсатпен шетелден қоңырау шалатын нөмерлерді бұғаттауда. Осы уақытқа дейін 50-млн астам қоңырау бұғатталған. Облыста интернет-алаяқтық қылмыстарымен айналысу мақсатында "Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы" құрылып, арнайы ақпараттық техникалармен жабдықталып, қылмыстарды ашу бағытында тиісті жұмыстарды атқаруда.
Қызылорда облысы полиция департаментінің қызметкерлері мектепішілік және жазғы лагерьлерде қаржылық қауіпсіздік сабақтарын өткізуде. Сонымен қатар Instagram желісінде @Cyberpol_kzo атты парақша ашылып, онда облыс тұрғындарына алаяқтық қылмыстарының жаңа тәсілдері жөнінде және алаяқтардың арбауына түсіп қалмау жайлы түсіндірмелік бейнероликтер жарияланып, сақтық шаралары ескертіліп келеді.