Қызылордада Қазақстанның Қызыл кітабына енген қарақұйрық аулаған браконьерлер ұсталды
Қызылордада Қазақстанның Қызыл кітабына енген қарақұйрық аулаған браконьерлер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылдың қыркүйек айының 13-нен 14-не қараған түні «Охотзоопром» ӨҚ-нің және полиция қызметкерлерінің бірлескен іс-шаралары барысында Жаңақорған ауданы Қаратөбе ауылы тұсында тоқтап тұрған Нива маркалы автокөлігінен атылған қарақұйрық, екі қоян және еш құжатсыз тіркеуде жоқ бір аңшы мылтығы, 10 дана оқ заттай дәлелдеме ретінде алынды. Автокөлік айыппұл алаңына қойылды. Күдікті Жаңақоған аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау абақтысына қамалды.
Қазіргі таңда, бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен (Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлеріне, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған жануарларға қатысты жасалған заңсыз аңшылық) сотқа дейінгі тергеп – тексеру амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Одан бөлек, аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 482-бабы (Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы) әкімшілік шара қолдану үшін құжаттар жинақталуда.