Қызылордада ҚАЖ қызметкерлері ұлттық спорт түрінен сынға түсті
20 наурыз – Ұлттық спорт күніне орай Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері ұлттық спорт түрлерін дәріптеп, дәстүрлі ойындардан жарыс өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға №68 мекеме қызметкерлері қатысып, қол күрес және асық ату сияқты ұлттық спорт түрлерінен бақтарын сынады. Қатысушылар “Жалын” және “Бірлік” топтарына бөлініп, жарыстың көркін қыздырды.
Қол күрес – білек күшін сынайтын спорт түрі болса, асық ату – мергендік пен шапшаңдықты талап етеді. Жарыс барысында қатысушылар нағыз спорттық рух пен жоғары дайындықтарын көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша “Бірлік” командасы командалық есепте жеңіске жетті.
- Бүгін ұлттық спорт ойындарынан жарыс өткіздік. Қызметкерлер жақсы дайындықпен келген. Асықты бала күнімізде ойнайтын едік, өзіміз де бала болдық, асық жинайтынмын. Мұндай шаралар тек жарыс үшін емес, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту үшін де маңызды, – дейді мекеме бастығының орынбасары Мирамбек Тұрымбетов.