Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада ҚАЖД мекемесінде сотталғандар туыстарымен кездесті

Қызылордада ҚАЖД мекемесінде Балаларды қорғау күніне орай ашық есік күні өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №37 қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде сотталған азаматтардың туыстарына арналған ашық есік күні ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты – жазасын өтеушілер мен олардың жақындары арасындағы әлеуметтік байланысты сақтау, отбасылық құндылықтарды нығайту, сондай-ақ сотталғандарды оңалту және қоғамға бейімдеу процесін қолдау.

Шара аясында сотталған азаматтар ата-аналарымен, балалары, жұбайлары және басқа да туыстарымен кездесіп, бір сәтке болса да отбасының жылуын сезінді. Қонақтар тек жүздесіп қана қоймай, түзеу мекемесінің ішкі тәртібімен және тұрмыстық жағдайымен де танысты. Олар сотталғандардың жатын орындарын, асхананы, демалыс бөлмелерін, кітапхананы аралап, күнделікті өмір сүру салтын көзбен көрді.

– Баламмен қауышып, жағдайын білдім. Жатын орны, асханасы, бос уақытын өткізетін жерлерін көріп, көңілім біршама орнықты. Осындай жылы жүздесуді ұйымдастырған департамент пен мекеме басшылығына, барлық қызметкерлерге шексіз алғысымды білдіремін. Балалар күніне орай ұйымдастырылған бұл шара – үлкен жанашырлық пен қамқорлықтың белгісі. Жасы 30-ға келсе де, мен үшін ол – әлі бала, – деді сотталған азаматтың анасы тебірене.

Ал жуырда ғана отбасын құрған сотталған азамат:

– Ашық есік күні болатынын естіп, жұбайыма айттым. Бүгін ол келіп, хал-жағдайымды біліп кетті. Мұндай шаралар бізге үлкен демеу береді. Отбасымызды ойлауға, болашаққа жоспар құруға және өзімізді өзгертуге ынталандырады, – деп пікірін білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру