Қызылордада ҚАЖД қызметкерлері адам өмірін арашалауға үлес қосты
Қызылордада ҚАЖД қызметкерлері адам өмірін арашалауға үлес қосты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
14 маусым — Дүниежүзілік донор күніне орай Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің, қалалық пробация қызметі мен №60, №37, №68 түзеу мекемелерінің қызметкерлері облыстық қан орталығында ерікті түрде қан тапсырды.
Бұл игі шара – ҚАЖД ұжымы үшін жыл сайын дәстүрге айналған, терең мағынаға ие сауапты іс. Донор болу арқылы адам өміріне араша түсу – азаматтық жауапкершіліктің, жанашырлықтың айқын көрінісі.
— Бүгін біз қан тапсыру арқылы тек азаматтық парызымызды ғана емес, қоғам алдындағы адами міндетімізді де орындадық. Әрбір тамшы қан – үміт, ал донорлық – өмір сыйлаудың ең қарапайым жолы. Бұл шараны жыл сайын тұрақты түрде өткізуіміздің себебі де осы. Барша тұрғындарды осындай ізгі іске белсенді атсалысуға шақырамын, – деді ҚАЖ департаменті тәрбие және кадр саясаты тобының бас маманы Әлішер Беркінбеков.
Қан тапсыру – уақытша әрекет болса да, оның нәтижесі – өмірлік маңызға ие. Қанға мұқтаж жандар үшін донор – үміт пен өмірдің символы. Осындай ізгі бастамалар қоғамда мейірім мен жанашырлықты дәріптейтін маңызды үлгі екені сөзсіз.