Қызылордада қоғамдық орындарды ластаған 2810 құқық бұзушы анықталды
Қызылордада қоғамдық орындарды ластаған 2810 құқық бұзушы анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық полиция басқармасының қызметкерлері қоғамдық орындар мен көшелерде құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар өткізіп келеді.
Жыл басынан бері жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары және жергілікті полиция қызметкерлерінің қырағылығы арқасында ортақ пайдаланылатын аумақтарды ластаған 2810 тұрғын анықталып, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Барлық құқық бұзушыларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 2-бөлігі бойынша (Қоғамдық орындарды ластау) әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Қызылорда полицейлері тұрғындарды қоғамдық орындар мен саябақтарды ластамауға, сондай-ақ белгіленбеген орындарда тұрмыстық қалдықтарды шығарудан аулақ болуға шақырады. Мұндай әрекеттер айыппұл салуға әкеліп қана қоймай, қоғамдағы моральдық құндылықтарға нұқсан келтіретінін ескертеді. Қоғамдық орындардағы тәртіп – әрбір азаматтың жауапкершілігі.